АДАЙ ЖЫЛҚЫСЫ. БҰҒАБАЙ СЕЙІС. БЕКТАС ШАБАНДОЗ (әуесқой түсірілім)

Описание к видео АДАЙ ЖЫЛҚЫСЫ. БҰҒАБАЙ СЕЙІС. БЕКТАС ШАБАНДОЗ (әуесқой түсірілім)

2015 жылғы 24-26 шілде күндері Ресей Федерациясы Рязань облысы Спасск-Рязанский қаласында халықаралық ат бәйгесі өтті. Оған Ресей, Германия, Қазақстан, Финляндия мемлекеттерінен түрлі текті тұқымды аттар қосылған.
Алыс қашықтыққа шабатын ат бәйгесіне Қазақстан Республикасы атынан маңғыстаулық бес Адай жылқысы қатысып, бәрі жүлдемен оралды. Соның ішінде Маңғыстау ауданы Қызан ауылынан ат қосқан белгілі атбегі – Бұғабай Мұқырбаевтың екі жүйрігі жеңіске жетті. Олар: 80 шақырым қашықтық бойынша алғаш рет бәйгеге түскен «Бумер» аты (бәйге бала – жетібайлық Әнес Етреков) мен 120 шақырымнан «Жары» тұлпары (шабандоз – өз ұлы Бектас Мұқырбаев) І (бірінші) орынды жеңіп алды. Айта кетейік, «Жары» бұған дейін де алдыңғы жылдары осы қалада өткен бәйгеде топ жарған еді. Былтыр Францияда сынақтан өтті.
Сондай-ақ 120 шақырым қашықтықта ІІ орынды да Наталья Долгихтің «Жезкиік» атты Адай жылқысы иеленіп, қалған ІІІ, IV орындарды орыстарға беріп, V, VI орындарды тағы да Азат Қойшиев («Ойлы») пен Әбіш Етирековтың («Көкпар») Адай тұқымды жылқылары олжалайды. Жерлестерінің бұл жеңістерінен жігер алған Дарья Попованың осы тектес «Чекист» тұлпарына да 80шақырымдық сайыста IV орын бұйырады.
Бұл шағын ақпаратты www.probegi.info сайтында жарияланған осы бәйгені ұйымдастыру комитетінің есептік кестесінен көруге болады:
http://equestrian.center/online/2015/...
Адай жылқысы – салт мінілетін қазақ жылқысының бір тұқымы. Ежелгі Грек тарихшыларының зерттеулерінде айтылатындай, қазақ даласы – оның ішінде Арал мен Каспий теңіздері арасын мекендеген көшпелілер өмірімен етене, араласа өсіп жетілген. Адай жылқының тұқымдық эволюциялық даму жолы өте күрделі. Мініске шыдамдылық, желгіштік және бірқатарының теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жылқыларды меңзейді. Ал қарабайыр, қазанат – жүрдектігі жағынан Түрікмен жылқысы – Ахалтекенің белгілері бар екенін де көрсетеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін, ауа райына төзімді бұл тұқым күтім талғамайды. Адай жылқысының тұрқы ұзындау, шомбал және сүйектілеу, қысқа, майда жалды, көзі үлкендеу, басы жеңіл, маңдайы онша ұзын емес, бірақ кең, үлбіреген қысқа құлақты етсіз. Мойны қысқа омыраулы, арқасы түзу, сауыры солыңқы, жуан жіліншігі етсіз, мықты құйма тұяқты болып келеді. Орташа шоқтығына дейінгі биіктігі – 140,3 см, тұрқы – 142,7 см, кеуде орамы – 163,3 см, жіліншіктің орамы – 17,6 см. Еті жоғары сапалы, ет түсімі – 52-58%. Тәулігіне орта есеппен 8-11 литр сүт сауылады. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кездері болған («Маңғыстау» энциклопедиясы, 130-бет)

Комментарии

Информация по комментариям в разработке