Төрт әкімнің "ермегі"

Описание к видео Төрт әкімнің "ермегі"

Атырау облысында осыдан 10 жыл бұрын құрылысы басталған кәріз суын тазалау стансасы әлі іске қосылған жоқ. Бергей Рысқалиев әкім болып тұрғанда қазынадан миллиардтар бөлген жоба қолға алынған еді. Одан кейін Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Ноғаев та бұл стратегиялық жобаны жалғастырмақ болады. Бірақ, қыруар қаржы жұмсалғанымен стансаның құрылысы сол күйі біткен жоқ. Қазір нысанды іске қосамын деп төртінші әкім Махамбет Досмұхамбетов білек сыбанып отыр.
Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі кәріз суларын тазалайтын стансаның құрылысын осыдан он жыл бұрын, яғни 2011 жылы сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев бастаған. Бірақ бастаған жұмысты аяқтамаған әкім істі болып, шетелге қашып кеткен еді. Одан кейін келген Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Ноғаев та жобаны іске қосамыз деп бюджеттен қыруар қаржы құйды. Бірақ бірі Парламентке депутат, енді бірі министр боп кеткен әкімдер де бұл жұмысты аяқсыз қалдырды.
Бергей Рысқалиев бөлген қаржы талан-таражға түсіп, іс сотта қаралып, осы күнге дейін миллиардтардың мемлекет қазынасына қайтарылған-қайтарылмағаны туралы нақты ақпарат жоқ. Ал Бақтықожа Салахатдинұлы 56 миллион теңгені жобалық-сметасын қайта жасақтауға жұмсапты. Сөйтіп, Нұрлан Асқарұлы бөлген 10 миллиард теңгеге жуық қаражатқа «Павлодар өзен порты» компаниясы құрылысын қайта бастаған. Оның өзіне де 5 жылдан астам уақыт өтті. Компания өкілдері «облыс әкімі кешенге бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізуге тыйым салды» деп қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Ал жыл сайын құрғақ уәде беруден жалықпаған шенеуніктер, станса келер айдың басында ресми түрде жұмысын бастайды деп тағы сендірді.
НҰРЛЫБЕК САҚПАРОВ, Атырау облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
– Қаланың сол жақ бөлігінің ағынды суларын қазір КОС қабылдап жатыр. Енді толықтай қосылуы осы қазан айының аяғы, қараша айының басында деп жоспарлап жатырмыз.
Қаланың кәріз суы жиналатын Сасықсай булану алаңының жағымсыз иісіне тұншыққан халық, станса құрылысы басталғанда қуанған еді. Алайда, кешеннің құрылысы он жылға созылған соң, енді оның сапасына да сенбейді. Атырауда кәріз суын тазартатын 1978 жылы салынған жалғыз станса бар. Оның өзі жарты ғасырдан бері мүлдем күрделі жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен.
.
.
.
.
Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар:
Youtube -   / @informburo31kanal  
Facebook -   / informburo31  
Instagram -   / informburo31  
Vkontakte - https://vk.com/informburo31
TikTok - www.tiktok.com/@informburo31
WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31

#информбюро #басты_жаңалықтар #Ақиқатын_Айтайық

Комментарии

Информация по комментариям в разработке