Шығыс түркістан тарихы. 1 бөлім.

Описание к видео Шығыс түркістан тарихы. 1 бөлім.

Бір жарым ғасырдан бұрын Ресейдің боданында болған Қазақтардың ата-бабалары мекендеген жерлері (Шығыс Түркістан аймағы) олардың ықтиярынсыз Ресей мемлекеті тарапынан Қытаймен өзара саудаланып, 1860 жылғы Пекин, 1864 жылғы Шәуешек, 1881 жылғы Петербург келісімдері бойынша заңдастырылды. Ал 1864 жылы қазан айының 7-сі күні Ресей мен Қытай арасында «Шәуешек келісімі» қазіргі қазақ-қытай шекара сызығының тартылып белгіленуінің негізі болды. Бұл келісім-шартты кезінде ресейлік тарихшы ғалым Владимир Моисеев «1864 жылғы «Шәуешек келісімі» – орыс дипломатиясының ірі табысы» деп бағалапты.
Бұл келісім Ресей империясының шығыс шекарасы мен Қытайдың батыс шекарасы жөнінде алғаш жасалған 1860 жылғы Пекин келісімінен бастау алып, 1869 жылы Қобда хаттамасына, 1870 жылы Тарбағатай демаркациялық хаттамасына және 1881 жылы Петербург келісіміне ұласты.
Петербург шарты — 1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындауға арналған келісімі. Қытайдағы мұсылмандар көтерілісінің қол астындағы ұлт аймақтарына қанат жаюынан сескенген Ресей 1871 жылы қазақ жеріне жақын Іле аймағын басып алды. Қытай Шыңжаңдағы көтерілісті басқаннан кейін Ресейге Ілені қайтару туралы талап қойды. Екі ел арасындағы ұзаққа созылған дипломат. келіссөздерден кейін 1881 жылы 12 ақпанда екі жақ Петербург шартына қол қойды.
Келісім бойынша орыс әскерлері басып алған Іле аймағы Қытай үкіметінің билігіне қайтарылды, тек Цин өкіметінің билігінде қалғысы келмейтіндерді орналастыру үшін деген желеумен Ресей Іленің батыс бөлігін иемденді. Іле халқына бір жыл ішінде Ресейге дүние мүлкімен кедергісіз қоныс аударуға рұқсат берілді. Екі мемлекеттің Іле аймағындағы шекарасы Бежінтаудан басталып, Қорғас өзенін бойлай оның Ілеге құяр тұсына дейін созылып, одан қазіргі Алматы облысындағы Көлжат ауылының шығысын орап өтіп, оңтүстікке қарай Ұзынқаратауға дейін, ал қалған жері 1884 жылғы Шәуешек келісімінде көрсетілген сызықпен өтетін болды. Алайда қазақтардың бұрынғысынша жайлау мен қыстауларын ауыстырып, көшіп-қонып жүруі Ресей мен Қытай шекарасында біраз қиындықтар туғызды. Келіссөздер барысында патша өкіметі “жерлері дұрыс бөлінбеген қазақ рулары тұтасымен Ресей бодандығында болу керек” екендігін дәлелдеу арқылы, Зайсан мен Қара Ертіс аумағындағы шекараны Ресейдің пайдасына қайта белгілеуге қол жеткізді. Шекара сызығы Қара Ертістің Күйтін тауларынан Сауыр жоталарына қарай кесіп өтетін болды. Алайда шекара сызығын жүргізу туралы келісімдердің ішінде негізгісі, кейінгі келіссөздерде талқылайтын мәселені анықтағаны 1860 жылғы Пекин келісімі екені байқалады. Пекин келісімі бойынша даулы екі сызық сызылғаны мәлім. Екі сызық та Пекин келісімінде талқыланатын мәселе ретінде қала берген. Қазіргі шекараның жалпы сорабы сол кезде айқындалған. Ол бойынша «орыс-қытай шекарасының жалпы бағыты Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань және Памир таулары арқылы, ірі өзендер Ертіс пен Ілені қиып өтетін болған». Әлгі даулы екі сызықтың бірі Зайсан көлінің үстінен өтсе, бірі Зайсан көлі Ресей иелігінде қалатын болып белгіленген.
Ресей мен Қытай арасындағы аталған келісімдер Совет өкіметі тұсында да, кейін де Қазақстанның Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарасының негізіне айналды.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке