Қызылорда облысында оқушылар мектепке қайықпен қатынауға мәжбүр

Описание к видео Қызылорда облысында оқушылар мектепке қайықпен қатынауға мәжбүр

Қызылорда облысы Арал ауданында бастауыш сынып оқушылары балықшылардың жатақханасында білім алып жатыр. Қырық жыл бұрын салынған ғимараттың қабырғалары сөгіліп жатқандықтан мұнда қазір кішкентай бүлдіршіндерді оқытудың өзі қауіпті. Ал бастауышты аяқтаған оқушылардың жағдайы тіпті қиын. Өйткені ауылда орта мектеп болмағандықтан жасөспірімдер көрші елдімекендегі интернатқа жету үшін кішкентай көлікке сыймай, жол азабын тартып барады. Ең сұмдығы, мұз еріген шақта балалар Сырдария өзені арқылы арғы беттегі білім ордасына қайықпен қатынауға мәжбүр болады.
АБАЙ НҰРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Ақшатаудағы бастауыш сыныбын тәмамдаған оқушылардың көрген күні осы. Аптаның алғашқы күнінен дәл осы шағын тасымал көлігіне лық толып, көрші ауылдағы мектеп-интернатына жолға шығады. Ортада бірнеше шақырым жолсыз жермен жүруге мәжбүр. Тіпті осы оқушылар лық толған көлік ағысы қатты Сырдария өзенінің үсіндегі өткелден де өтеді.
ҚАҺАРМАН АЙЖАРЫҚҰЛЫ, 5-сынып оқушысы:
– Пантонный мосттан өткен кезде қорқамыз. Мұз жарылып кете ме деп. Қайықпен өткен күндерімізде болды. Мектепке барғанша шаршаймыз.
Осылайша алты орындық көлікке "екі бүктетіліп" мінетін 20-ға жуық оқушы мектепке жеткенше жандарын шүберекке түйіп барады. Ең қиыны, Сырдарияның мұзы еріп, сең жүргенде басталады деді ата-аналар. Сондай уақыттарда қалқымалы көпір алынып, балалар арғы беттегі ауылға қайықпен қатынайды екен.
ДИНАРА САБИРОВА, Ақшатау ауылының тұрғыны:
– Барғаннан кейін звондап айтамыз. Аман-есен жеттіңдер ма деп. Уайымымыз сол. Балаларымыздың келешегі. Интернатта оқып жатқан балаларымызға қарап, өзімізде оқып жатқан балаларымызға қарап уайымдаймыз. 21 ғасырға сәйкес білім алса екен дейміз.
Тұрғындардың айтуынша, бұл ауылға талапқа сай мектеп саламыз деп облысты басқарған төрт әкім де уәде берген. Тіпті 5 жыл бұрын жобалық құжаттарын жинақтап, білім ұясының орнын да дайындап қойған. Бірақ ол орын қазірге дейін бос тұр. Жаңа мектеп талап етіп, әкім-қаралардың алдарына талай барғанымызбен бәрі құр уәдемен шағарып салады деп ашынады ауылдықтар.
НҰРТАЙ ӘБЕНОВ, Ақшатау ауылының тұрғыны:
– Ауданға да, облысқа да бардық. Бірақ Ақшатау халқына оң көзқарас танытып жатқан не болмаса нақты жауап берген бір адамды естіген жоқпыз.
ЖАЗИРА ЕСЖАНОВА, Ақшатау ауылының тұрғыны:
– Нәлібаевтың қабылдауына бардық. 4 мұғалім бар дедік. Егер мектеп ашылса қалған мұғалімдерді Алматыдан әкелесің бе деп айтқаны бар Нәлібаевтың. Маған солай мысқылдап.
Ал ауылдағы бастауыш мектебінің іргетасы қырық жыл бұрын қаланған. Бұл ғимарат әу баста балықшылардың жатақханасы болыпты. Мұнда спорт алаңы, балаларға ыстық тамақ беретін асхана атымен жоқ. Тіпті қабырғасы сөгіліп тұрған екі бөлмелі нысанның іші қыста суық болады дейді көпшілік. Ал ауыл әкімі бұған дейін жаңа мектептің құжаттары дайындалып қойғанын растады. Бірақ ол жоспар кейін өзгерген.
ҚАЙРАТ ӘБДІРАМАНОВ, Аманөткел ауылдық округінің әкімі:
– 2023 жылға салынуы керек болатын. Бірақ халықтың санына байланысты өткен жобаны өзгертті кеше. Апатты жағдайдағы мектептер бар, одан кейін үш ауысымды мектептер бар аудан көлемінде. Бірінші кезекте солар. Енді бізде облыс әкімімен келісіміміз бар. Осы алдағы сессияда ең құрығанда бастап кетуге жұмыс жасалып жатыр.
Ауыл басшысының сөзіне қарасақ, жаңа мектептің құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Сондықтан білім іздеген ауыл балалары алдағы көктемде де тағы өзенді қайықпен кесіп өтіп, мектепке қатынайды. Ал бастауыш сынып оқушылары да әзірге сол балықшылар жатақханасында білім алады.






Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар:
Youtube -   / @informburo31kanal  
Facebook -   / informburo31  
Instagram -   / informburo31  
Vkontakte - https://vk.com/informburo31
TikTok - www.tiktok.com/@informburo31
WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31
#News #Kazakhstan #Жаңалықтар #Біздіңжаңалықтар #Нашиновости #Сегодня #Қазақстан #31канал

Комментарии

Информация по комментариям в разработке