Қапездің қоштасуы - Бек Нуриддинұлы

Описание к видео Қапездің қоштасуы - Бек Нуриддинұлы

Әні, сөзі : Қапез Байғабылұлы

Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма,
Жетім-жесір қасында дос қалды ма.
Өкінбейін десем де, өзегім бар,
Өтіп кетті дүние қас-қағымда.

Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе,
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!

Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді

Қалып барады артымда балапаным,
Аямасын ағайын алақанын.
Кебін емес кебінек киіп барамын,
Қош есен бол Ақтоғай Алатауым!

Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе,
Халқым деген Қапезді
Жау деп ұстап бердің бе?!

Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді



"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
21 маусым 2016
Итжеккенге айдаған кім? Қайраткердің көп еңбегі көмулі жатыр
Қапез Байғабылұлы – 120

Биыл Қапез Байғабылұлының туғанына 120 жыл толды. 1896 жылы Ақтоғайда туып Ыстамбұлда білім алып, ағартушылық жолда қазақтың сауатын ашқан қайраткердің айтылмай, жазылмай, зерттелмей жатқан мұрасы әлі де көп. Дала қона жүріп елге пана болған Қапез 1937 жылы «халық жауы» атанып айдалып, 1939 жылы 45 жасында Коми АКСР-нің Ухта қаласында атылды. «Айхай», «Дүние-ай», «Үш Меркі», «Қапездің қоштасуы» сынды әндерді тудырған жүректің ақтық демі Ухтада үзілді.
«Қапездің қоштасуы» әнінде «Итжеккенге айдаған Керзаманның әлегі, Бұлбұл құстай сайраған, Бұл Қапездің әні еді» дегендегі «керзаман» сөзінің кейін телінгені рас па? Қапез Байғабылұлы мұрасын зерттеушілер «Итжеккенге айдаған, Азизовтың әлегі» дейді. Қапез қапа болған Азизов деген кім? Осы сауалдарды Қапез Байғабылұлы мұрасын зерттеуші, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлына қойдық.
Қапез туралы айтқанда 1931-33 жыл­дардағы аштық, 1937 жылғы репрессия бірден еске түседі. Қапездің аштыққа байланысты істеген сауабы орасан. Аштық кезінде Қарағанды, Семей өңірінен ауып, арып-ашып келген адамдардың басын қосып, «Об­латком» деген ауыл құрып, ашқа тамақ тауып берді. Осы еңбегіне СССР Жо­ғарғы кеңесінің құрмет грамотасы берілді.
«Айхай» деген әнінде Қапез өзінің көзімен көрген қасіретті, қазақтың басына төнген нәубетті айна-қатесіз су­рет­тейді. Енді «Қапездің қоштасуы» әніндегі Азизов дегенге келсек. Ол – Кеген өңірінде НКВД-ны басқарған ұлты ұйғыр адам. Бір түнде 300 адамды «халық жауы» деп айдатып жіберген. Кейін өзі де «халық жауы» атанып атылып кеткен. Қапездің үстінен бір емес, бірнеше мәрте домалақ арыз ұйым­дастырып, ақырында итжеккенге айдатып жіберген. Әнші Рамазан Стамға­зиев «Қапездің қошта­суына» бейне­баян түсірмек болғанда бәріміз ақыл­­дас­­тық. Сосын ұлтараздығын қоз­датқандай болмайық деп ән мәтінінен Азизовты алып тастап, керзаман сөзін қолдандық. Керзаман болсын деп айтқан – сыншы Тұрсынжан Шапай. Бәріміз осыған тоқтадық.
Қапездің еңбек кітапшасын көрсе­ңіз, барған жерінде мектеп ашып, ағар­ту­шылық салада өлшеусіз еңбек ат­қар­ғанын аңғарасыз. Қапез бозбала шағын­да Сауытақын, Шәршікен сынды өзі құ­ралпы төрт баламен бірге Түр­кияның Ыс­тамбұл қаласында діни оқу оқып қай­тады. Оқуға кеткен бес ба­ланың ішінде Қапез молдалықтан гөрі білім беру, ағар­ту саласына бет бұрып қазақтың көзін ашуға күшін салады. Ілияс Жансү­гіров, Мұхтар Әуезов осы өңірге келгенде Қа­пездің үйіне тоқтап, әңгіме-дүкен құрған.
Кезінде «Қайта оралған Қарқара жырлары мен саздары» деген тақы­рыпта халық университетінде лекция-концерт өткіздік. Сонда ұстазым Рах­манқұл Бер­дібаев халық ақындарының шығармашы­лығы туралы сөз етіп былай деп еді. «Осыншама мол мұра неліктен ғылыми айналымға түспеді, зерттелмеді? Оның басты себебі ше­каралық аймақ болғанды­ғында. Пар­тияның қағазға түсіп, қаттал­ма­ғанымен, ауызша нұсқауы болған. Партиялық нұсқаудың кесірінен тарихы да, әде­биеті де, фольклоры де жете зерттелген жоқ». Рахманқұл Бердібаев айт­қандай расында да солай болған.
Биыл Қапездің 120 жылдығы. Қай­раткердің мерейтойы екен деп не ауданыңыз, не облысыңыз жақ ашпайды. Мың да бір шүкір, кезінде экспедиция ұйымдастырып Қапездің жары Жібек апамыздан, шәкірті, жыршы Нұрақын Қасым­бекұлынан, Қанаділ ақсақалдан, Мүсілім Шәкіров деген атамыздан әндерін жазып алдық. Сол әндерінің арқасында Қапездің әншілік, сазгерлік қыры танылды.
Заманында халық композиторла­рының әндері өзге біреуге телініп, болмаса халық әні деп таралды. Қапез Байға­былұлының бірде-бір әні өзгеге өңге­рілген жоқ. Өйткені әндерінің мә­тінін майыстыра алмайсың. Қапездің әндерін тыңдасаң, аштық, қуғын-сүр­гін, қазақтың басынан кешкен нәубет көз алдыңа келеді. Қапез­дің әндерінің өзгеге телінбейтінінің тағы бір себебі әндерінің құрылысы өзгеше.
Қапез Байғабылұлы туралы зерттелмей жатқан, айтылмаған ақиқат әлі көп. Оның әншілік, сазгерлік еңбегін ел біледі. Ал сөз басында айтқанымдай, Ыстам­бұл­дан оқып келген соң да білім жетілдіріп, халықтың көзін ашу жолын­дағы еңбегі көміліп жатыр. «Халық жауы» атанып айдалып кеткені Қапездің өмірінің түбегейлі зерттелуіне орасан кедергі келтірді.
Жазып алған Қ.Жәнібек.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке