Қош келдің, әз-Наурыз! | Ойшілік ауылы | Ақсуат – 2023

Описание к видео Қош келдің, әз-Наурыз! | Ойшілік ауылы | Ақсуат – 2023

Тоғас батыр орта мектебінің 2003 жылы бітірген 43-түлектері 20 жылдық кездесуіне орай «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік бағдарламасымен ұлттық нақыштағы өнер және спорттық сайыстарды ұйымдастырды.

Туған жер. Осы бір екі ауыз сөз бәрімізге ыстық. Десе де алыста жүргенде оның қадірі терең сезіледі. Бұлай деп сөз бастауымызға жылқұсындай араға жылдар салып, бір оралып келетін мектеп түлектерінің туған жерге тартулары.
Әсіресе осы бір игі үрдіс ырысы ортаймаған Ойшілік ауылында жақсы бір жолға қойылған. Деңгейі мен ұйымдастырылуы өзгеден бір бәс жоғары тұратыны да рас. Ойшіліктегі 20 жылдық кездесу десе, елең етпейтін ел жоқ. Биыл да сол дәстүрлі жүрісінен жаңылмады. 1986 жылы туғандар, яғни 2003 жылғы мектеп түлектері 20 жылдықтарының эстафетасын қабылдап, есте қаларлықтай ерекше той өткізді. Ең бастысы, жылдағыдай орыстың жаңа жылында тапсырылатын эстафетаны, ескі сүрлеуінен шығарып, әз-Наурызда қабылдағандары тіптен тың бастама болды. Сөйтіп, өздерінің мерейлі сәттерін қазақтың төл жаңа жылымен ұштастыра білді.

43-түлектер «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік бағдарламасымен ұлттық өнерімізді, ұлттық спортымызды ұлықтап берді. Мәдениет үйінде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан өткен сайыс та, жаңадан Абай облысы болып құрылғандығымызды символикалық тұрғыдан әспеттеп тұрды. Ұлттық құндылықтарымызды жарқырата көрсеткен театрландырылған көріністер де көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, тай жарысы да тартысты өтті. Ауыздықпен алысқан аламаннның алдын бермей келген бәйгелерге жұрт бәрекелді десті. Ат тұяғын тай басар дегендей, келешек сәйгүліктердің ізбасарлары көпке танылды. Ораза айына орайлас келген құран жарысы да жамағатты ұйытып, жүректерді нұрландырды. Сүрелерді сүрінбей жатқа айтқандар үздіктер қатарынан табылды. Ал, бозкілемнің баһадүрлері қазақ күресінен өзара кіл мықтыны анықтады. Небір әдіс-тәсілдер жасап, көрерменнің көзайымына айналды.

Жалпы, осы ұйымдастырылған спорттық және өнер бәйгесінің барлығына 1986 жылғылар бағалы сыйлықтар мен қомақты ақшалай жүлделер тағайындады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сый-сияпаттан құралақан қалмады. Ақшаңқан киіз үйлерде ақ дастархан жайылып, әуезді ән де, күмбірлі күй де құлақ құрышын қандырды. Қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар да ұлыс оң болсын деп, ақ пейілдерімен ақтарыла сөйледі.

Наурыз жер-ана бусанып, тіршілік атаулының қайта түлейтін мезгілі. Қыстайғы бұйығы қалыптағы жұрт, көктемде бір серпілгісі келіп, Ұлыстың Ұлы күнінде ақ түйенің қарны жарылғандай, арқа-жарқа күй кешетіні де содан. Биылғы Ойшіліктегі Әз-Наурызға 43-түлектер ерекше реңк берді, тұтас бір бағдарламамен келіп, ауыл тұрғындарының көңілін көкке жеткізді. Бір ауыл болып атқаратын шараны бел қайыстыра көтеріп, қаржысын да, қажыр-қайратын да сала отырып, жоғары деңгейде өткізгенін азаматтық демей көр! Осының бәрі туған жерге, туған елге деген сүйіспеншіліктің дәлелді көрінісі.

#ән
Роза Рымбаева - Наурыз-думан
Төреғали Төреәлі - Бәйге
Maher Zain - Ramadan
Данияр Төре - 20 жылдық

#күй
Мұрат Құсайынов - Пір Дастан
ULYTAU - Жұмыр қылыш

#Ақсуат #Ойшілік

Комментарии

Информация по комментариям в разработке