Ерекше күтімнің арқасында шала туылған сәбилердің 75 пайызы аман қалады

Описание к видео Ерекше күтімнің арқасында шала туылған сәбилердің 75 пайызы аман қалады

Мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақты қалай күтіп, баптайды? Салмағы 500 грамм баланы адам қылу мүмкін бе?

Жадыра Төлепованың тұңғышы салмағы 700 граммға жетер-жетпес, яғни шала туылған. Уақытынан 3 ай ерте туған сәбидің қазір денсаулығы оңалып келеді.

Жадыра Төлепова, ата-ана

-Біз келгенде сезеді. Сөйлеген сайын баламыз жыбырлап, қол-аяғын қимылдатады. Туылғанда 32 сантиметр болды. Қазір кішкене өсті. 500 грамм салмақ қосты.

Елімізде 2008 жылға дейін 1 келіге жетпей туған мұндай нәрестелерді түсік деп есептеп, мүлде күтіп, баптамаған. Бүгінде заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен ерекше күтімнің көмегімен ондай сәбилердің 75 пайызы аман қалады.

Тамара Чувакова, медицина ғылымдарының докторы

-Қазір 22 аптада туған, салмағы небәрі 500 грамм болатын сәбилердің өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Шалабайларға бірінші жылы күтім ерекше қажет. Әсіресе ата-аналар көп көңіл бөлуі керек.

Дәрігерлер денсаулығында кінәраты бар аналарға бала көтеруге тыйым салғанымен, оған құлақ асатындар сирек. Шақалақтардың жетілмей жатып, дүние есігін ашуының басты себебі осы.

Бибігүл Шәріпова, дәрігер-неонотолог

-Өмір сүруге дағдыланбаған, шала туылғандарға кез келген фактор қауіпті. Сондықтан еміп, дене жылуын дұрыс сақтауды үйреніп, салмағы 2 келіге жеткеннен кейін, шамамен 3 айдан соң, үйге шығарамыз.

Алақанға сыйып кететін шақалақтарды күтіп, баптап, адам қылатын абзал жандар – дәрігер-неонотологтар. Күн-түн демей еңбек ететін олардың жұмысы зергерлік іспен тең десек, қателеспеспіз.

Жадыра Жәдігерова, нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімінің медбикесі

-Өз баламызға қалай қарасақ, бұларды солай қабылдаймыз. Жұмыс жасап жатқан кезде: «Балақай, тезірек емделіп шықшы. Сенің отбасың күтіп жатыр», – деп сөйлесеміз.

Түсірілім кезінде жүннен тоқылған шұлық киген сәбилерге көзіміз түсті. Табиғи бұйымның қайдан келгенін сұрасақ, жылы киімдерді 4 жыл бұрын ашылған клуб мүшелері тоқып береді екен.

Қарлығаш Нұржанова, клубтың негізін қалаушы

-Дәрігерлер жүннен тоқуды сұрайды. Себебі сәбилер ұйқылы-ояу жатады. Ал тоқыма киім теріге тиіп, қышытып, бала қимылдай бастайды. Неғұрлым көп қозғалса, соғұрлым тез өседі.

Зайнұр Байжігіт, тілші

-Клубқа қолы бос кез келген адам келе алады. Сауапты іс жасау үшін шебер болу да міндетті емес. Клуб мүшелері тоқуды өздері үйретеді. Мысалы, мынадай бармақтай шұлықты 28 қатар іліп, тоқиды. Клубтың атауы да осыдан шыққан екен.

Осы күнге дейін клуб мүшелері перзентханаларға 14 мыңнан аса тоқыма киім сыйлап үлгерген. Бұл – 14 мың сәбидің өмір сүруіне септігін тигізді деген сөз.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Ернар Сайлаубаев

Комментарии

Информация по комментариям в разработке