Шәмші Қалдаяқовтың әндері - Ақ ерке ақ жайық(Текст песни, Сөз мәтіні)

Описание к видео Шәмші Қалдаяқовтың әндері - Ақ ерке ақ жайық(Текст песни, Сөз мәтіні)

Сөзі: Т. Айбергеновтікі
Әні: Шәмші Қалдаяқов
Серілер тобының орындауында

АҚ ЕРКЕ - АҚ ЖАЙЫҚ әні шығу тарихы туралы
«1965 жылдың желтоқсан айында Атырауға ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқов келе қалды. Екеуі сол кездегі Гурьев қаласында бірнеше күн болып, облыс аудандарын да аралады. Сол кезде оларды Жайықтың Махамбет ауданының жерімен өтетін сағалары бойындағы қалың тоғайдың ақ қыраудан сырға таққан талдары қатты тамсандырды. Жайық шіркін қыста да әдемі ғой. Ағаш бұтақтарына қонған қырау бейне бір аппақ қылқанды шыршалар секілді сондай әдемі боп көзді арбайтын. Ал оған күн сәулесі түскенде аспанның мың-миллиондаған жұлдыздары ұшып кеп, ағаш бұтақтарына қона қалғандай әсерге бөлеуші еді...

Аудандарды аралап, қалаға оралған күні ақын мен композиторды «Орал» мейрамханасында (суретте) қонақтадық. Біраз отырып, ауқаттанып, мейрамханадан шыққан соң Жайықты бойлап, қонақ үйге жаяу тарттық. Аяқ астында желтоқсанның аппақ қары сықыр-сықыр етеді. Аязды ауа жанды сергітетінднй тап-таза еді. Мен жанымда Төлеген Айбергенов және бір топ партия-комсомол қызметкерлері бар, сәл ілгері кетіп қаппыз. Шәмші артта қалыңқырап қойыпты.

- Келеді ғой, - деп Төлеген қолын бір сілтеді. Біз әрнені әңгіме етіп жүре бердік.

Кенет біздің әңгімемізді жанымызға алқына жеткен Шәмші бөліп жіберді:

- Тө-тө-төлеген,- деді ол тұтығыңқырап. – Қа-қарашы, ақ Жайық ән салып тұр ғой...

- Иә,-деп Төлеген де тоқтай қалды. Сол сәтте бәріміз де көк мұз бен ақ қар құрсанып жатқан Жайыққа қарадық. Бірақ, Шәмші мен Төлегеннен өзгемізде табиғатпен тілдесетін қабілет шамалы еді. Бар түйгеніміз: «Е, Шәкеңнің жүрегінде ән туып келе жатыр екен ғой» деп қойдық. Осыдан соң бәріміз қонақ үйге жетуге асықтық. Онда пианино тұрған зал бар еді. Шәкең дереу соған отырды. Біздің дәл көз алдымызда осы күнгі «Ақ ерке ақ Жайықтың» әуені ойналды. Шәкең әнді нотаға түсіріп болған соң Төлегенге оның рыбасын (ән өлеңінің буын саны) ұсынды. Алайда, екі-үш күннен бері Жайықтың кербез көркіне таң-тамаша болып, өзі де зорға жүрген Төлеген рыбаны керек те қылған жоқ. Отыра қалып, мынадай сұлу шумақтарды мөлдірете жазды:



Арманым саған ауған,
Самал соқса жағалаудан.
Жүректе тербетілген ақ Жайығым,
Ақ еркем, аңсаған ән өлкем...

Осылайша Жайық туралы жаңа ән дүниеге келді. Оның тұсауы Атырауда кесілді. Әнді атыраулық әнші Өтеген Олжабаев орындады».

Сол жолы Атыраудағы «Жилгородок» ықшамауданы клубының концерт залына халық сыймай, түрегеліп тұрды. Осы түрегеліп тұрғандар арасында сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамбет Есенов те бар еді, - дейді сол кездегі облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері Қатимолла Ризуанов ағамыз. (Қатимолла аға сол жолы ақын мен композитордың облыстағы іс-сапарына басшылық жасапты – Т.Н).

Бүгінде Шәмші мен Төлеген ағаларымыз дәм татқан «Орал» мейрамханасы (бірінші суретте) тура сол кездегі өз орынында тұр. Іші-сыртының жөнделгені болмаса, кіретін есігі, ауқаттанатын залы сол баяғы қалпында. Кейде осыннан түстік ішіп отырып, жан-жағыма елеңдей қараймын. Шәмші ағамыз мына үстелдердің қайсысында отырды екен?.. Мейрамхана іргесінен өтіп жатқан ақ Жайық та дәл баяғысынша толықси ағып жатыр, жарықтық... Шәмшінің құдіретті әні туған жер. Осы бір құдіретті ән бүгінде сирек орындалады. Осыдан көп жыл бұрын Атырау теледидары бұл әннің музыкасын әр күнгі хабарлар басталар сәттегі беташар әуен ретінде қолданатын. Кейін бұл неге екені белгісіз, алынып тасталды. Ал бұл ән Атыраудың гимні емес пе еді...

Бүгінде көптеген жиын-той, отырыстарда жұрттың кешегі ретро әндердің мәтінін ұмытып қалғанын байқаймыз. Тіпті, табиғат ғажап дауыс сыйлаған әншілердің өзі әннің сөзің бұзып айтатын болып жүр. Ал Төлеген ағамыз шығарған мәтін мынадай еді:

Арманым саған ауған,
Самал соқса жағалаудан.
Жүректе тербетілген ақ Жайығым,
Ақ еркем, аңсаған ән өлкем.

Жаным-ау дара туған,
Ағыстардан жаратылған.
Жайықтың жағалай тал жағасынан,
Қымбаттым, сен маған тіл қаттың.

Қайырмасы:

Өзіңсің жаным,
Жаңғыртқан әнім.
Каспийдің толқын тауларын.
Сенбісің көгілдір махаббатым,
Алқызыл алаулы таңдарым.

Айдының шалқыған бір,
Дидарында толқыған нұр.
Мен сені көрдім еркем, ерке теңіз,
Аспанға, маржандар шашқанда.

Айнымас достығыңның,
Айғағы ма қос бұрымың.
Жанымды нұрландырып, сенің шолпан,
Жанарың, алаулап барамын.

Бір сәуле күлімдеген,
Дидарыңда дірілдеген.
Мен сені балықшының арманынан,
Жан сәулем, іздеймін аңсаумен.

Арманым саған ауған,
Самал соқса жағалаудан.
Жүректе тербетілген ақ Жайығым,
Ақ еркем, аңсаған ән өлкем...

...Ақ Жайықтың Шәмші мен Төлеген жүріп өткен тұсы мен бұрын жұмыс жасап кеткен газет редакциясынан таяқ тастам жерде жатыр (екінші суретте). Кейде компьютер сорып, шаршағанда алдымдағы үйіліп жатқан жұмысымды ысырып тастап, сол жерге тартамын. Жағадағы саздауыттан Шәмші мен Төлегеннің басып өткен ізін іздеймін. Сол сәтте қасиетіңнен айналайын ақ Жайық көз алдымда ән болып толқиды...
Тарас НАУРЫЗӘЛІ ағамыздың мақаласынан үзінді.

толығырақ: https://taisoigan.kz/rukhaniyat/artic...

Комментарии

Информация по комментариям в разработке