Қарақалпақстан астанасы Нүкістегі толқулар кезінде 243 азамат зардап шегіп, 18 адам қаза тапты. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 500-ден астам азамат қамауға алынған. Қазір Қарақалпақстан аумағында төтенше жағдай жарияланды. Ал Өзбекстан билігі конституциялық өзгерістерге қатысты талқылауды он күнге созып отыр. Яғни, енді жалпыхалықтық референдум 15 шілде күні өткізілмек. Нүкістегі ахуал қазір тұрақты.
Бірнеше күн бұрын жер-жердегі Қарақалпақстан азаматтары отандастарын қолдап, видеоүндеулер жасады. Олар жалпыхалықтық талқылауға шығарылған конституциялық өзгерістерге қарсы екенін айтты. Ал 1 шілде күні ел астанасы Нүкісте наразылық акциялары басталды. Себебі негізгі заңға енгізілгелі отырған түзетулерде «елді егемендігінен және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыратын» тармақтар бар екен.
Талаптарын айтып алаңға шыққандар саны мыңдаған адамға жетеді. Сол сәтте полицейлер мен тұрғындар арасында қақтығыстар басталғаны айтылды. Тұрғындар орталықтан оқ дауысы естіліп, күштік құрылым өкілдері жеңіл гранаталарды қолданды деді. Бірақ ресми органдар мұндай ақпарды жоққа шығарып, бәрі бақылауда деп мәлімдеді. Кейбір БАҚ беттерінде өзге өңір тұрғындары да Нүкіске қарай бет алғаны, алайда жолай блокбекеттерге тап болғаны жазылды.
Сәл кейін Өзбекстан президенті Нүкіске жетті. Сөйтіп, Шавкат Мирзиеев өзгертулерді енгізбейтінін жеткізген. Сол күні-ақ тұрғындарға хабарламалар жіберіліпті. Бірақ онда да халық тыныштала қоймаған. Ақыры Қарақалпақстан аумағында 1 айға төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Сәйкесінше, елге кіріп, шығу да шектеліп отыр. Сондай-ақ, Өзбекстан басшысы Қарақалпақстанның Жоғарғы кеңесімен кездесіп, шенеуніктерді сынға алған. Шавкат Мирзиеев сөзінде, конституциялық өзгерістерді депуттардың өзі ұсынғанын, егер ел қарсы екенін білгенде мұндайға жол бермейтінін алға тартқан.
ШАВКАТ МИРЗИЁЕВ, Өзбекстан Республикасының президенті:
– Жобаны өздерің жасап, өздерің ұсындыңдар. Адамдар наразы болып жатса, неге хабарласып айтпадыңдар. Қарақалпақстан Республикасының өзіндік этникалық-мәдениет ерекшеліктеріне, ұлттық салт-дәстүрлері мен құндылықтарына, оның ерекше құқықтық мәртебесіне назар аударып, Қарақалпақстан Республикасының құқықтық статусы туралы нормаларды өзгеріссіз қалдыру қажет деп есептеймін. Атап айтқанда, Конституцияның 70, 71, 72, 74, 75-баптары өзгеріссіз қалдырылады.
Өзбекстан президенті бейбіт тұрғындар мен күштік құрылым қатарында зардап шеккендер бар деді. Қарақалпақстан билігі, жалдамалы күш елдегі жағдайды тұрақсыздандырып, әкімшілік нысандарды басып алғысы келді деп мәлімдеді. Айтуларынша, әлдебір ұйымдасқан топ жалған ақпарат тарату арқылы азаматтарды арандатып жатыр. Ал елдің денсаулық сақтау министрі Сұлтанбек Зияев «наразылық шеруінен кейін мыңдаған адам ауруханаға түсті» деді.
Ал бүгін Өзбекстанның бас прокуратурасы Нүкістегі тәртіпсіздіктер кезінде 243 адам зардап шекті деп хабарлады. Оның 38-і күштік құрылым өкілдері екен. Ал 18 азамат қаза тауыпты. Полицейлер тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 516 азаматты қамауға алған. Қазір ауруханаға жатқызылған 94 науқастың жағдайы ауыр. Ресми мәлімет бойынша, қарулы топ әскери бекеттер мен халықаралық әуежайға шабуыл жасап, бірнеше жүк көліктерін өртеген. Көптеген ғимарат бүлінген. Сондай-ақ, Өзбекстан парламенті Қарақалпақстанның егемендігі сақталатын заң жобасын қабылдады. Әрі конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыхалықтық талқылау 15 шілдеге дейін созылып отыр.
Нұрболат Жаңабекұлы
Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар:
Youtube - / @informburo31kanal
Facebook - / informburo31
Instagram - / informburo31
Vkontakte - https://vk.com/informburo31
TikTok - www.tiktok.com/@informburo31
WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31
#Қарақалпақстан #толқулар #наразылық #Өзбекстан
Информация по комментариям в разработке