Ресейдің Волгоград қаласында болған терактіде жарақат алған 9 адам ауруханадан шықты

Описание к видео Ресейдің Волгоград қаласында болған терактіде жарақат алған 9 адам ауруханадан шықты

Ресейдің Волгоград қаласында болған терактіде жарақат алған тоғыз адам бүгін ауруханадан шықты. Ал, одан өзге 39 адам облыстық емханаларда әлі де ем қабылдап жатыр. Көбінің жағдайы орташа, екеуінің халі ауыр деп бағалануда. Айта кету керек, жаңа жыл алдында Волгоградта екі бірдей жарылыс болып, 34 адам қаза тапқан еді.
Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда екі бірдей жарылысты бастарынан өткізіп, қара жамылған Волгоград тұрғындары әлі де оқиға болған жерге гүл шоқтарын қойып, бейбіт заманда қаза тапқандарды еске алуда. Бүгін жарылыс болған күннен бері 8 күн өтті. Қала әлі де бірнеше күн бойы күшейтілген режимде қорғалып, барлық қоғамдық орындар бақылауда болмақ. Ал, аталмыш қаланың полицейлері адам көп шоғырланған жерлерді жіті тексерумен айналысуда.
ВОЛГОГРАД 30.12.13 ж.
Әзірге Ресейдің арнайы органдары жарылысты теракті деп бағалағанымен, оны ұйымдастырғандар мен өзін-өзі жарып жібергендер туралы ресми ақпарат бермеді. Тек алдын ала жасалған болжам бойынша жарылыс ұйымдастырғандар Кавказдың солтүстігінен, арнайы тапсырманы орындау үшін келген болуы мүмкін деген мәлімет таратты. Әзірге тексеру жұмыстары жалғасуда. 29 желтоқсан күні күндізгі сағат 12-45-те Волгоградтағы вокзалда бомба жарылып, ал келесі күні, яғни 30 желтоқсанда адамдарға лық толы нөмірі 15-ші троллейбуста да жолда кетіп бара жатқанда жарылған болатын. Салдарынан екі бірдей жарылыстан 34 адам көз жұмып, 62 адам жарақат алған еді. Ресей 1 мен 3-ші қаңтар аралығын аза тұту күні деп жариялаған болатын.
Аида Боранбай.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке