Әлем бойынша өсу қарқыны ең жылдам «Павловния» ағашы Алматыда отырғызыла бастады. Бүгінде Жазкен Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында бұл жасыл желектің 29 талы егілген. Ерекшелігі – жапырағы шипалы. Одан бөлек, мегаполистің жасыл қорын қалпына келтіріп, экологияны тазартуда таптырмас шешім дейді мамандар. Толығырақ, Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Елшат Дәулеткелдінің ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүргеніне 9 жыл болыпты. Өсімдіктерді баптап, күту – сүйікті ісім дейді маман. Ал, соңғы 2 жылдан бері аспан асты елінен әкелінген «Павловния» ағашын өсірумен айналысып келеді. Еліміздегі жасыл желектің жаңа түрін көбейту үшін түрлі тәжірибе жасайды.
«Ең алғаш тұқым келген кезде оны 2 күн суға салып, өсуді реттегіш препараттарды қосып, алдымен отырғызуға дайындаймыз. Кейін касета дейді, арнайы ыдыстарға отырғызамыз. Бұл ағаштың ерекшелігі – өсімталдығында. Егер жақсы қарап, күтіп, баптайтын болса, 1 жылда 3-4 метрге дейін өскін береді», – деді Ж. Жиембаев атындағы өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ ғылыми қызметкері Елшат дәулеткелді.
Көпжылдық жасыл желек әлемдегі барлық ағаштармен салыстырғанда өсу қарқыны өте жылдам. 9 жылда 20 метр биіктікке жетеді. Ал, діңін құрылыс материалына, музыкалық аспаптар мен ойыншық жасауда қолданса – таптырмас құрал. Алайда, жасыл желектің Алатау баурайына жерсінуіне ерекше күтім қажет – дейді мамандар. Тек алғашқы жылы үсік шалмауы үшін арнайы матамен орау қажет. Десе де, ағаш қурап қалған жағдайда, тамырынан жаңа өсінділер пайда болады екен.
Мамандардың айтуынша, «Павловния» ағашының тұқымнан өнімділігі 90 пайызға жетеді екен. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын ғана отырғызылған талдың биіктігі 10 метрге жуықтап қалған. Ал, өзге ағаштардан ерешекшелігі – көміртегіні 10 есе көп жұтып, сәйкесінше оттегіні де көп бөледі. Сондай-ақ, жапырақтарының да көлемі өте үлкен. Өздеріңіз көріп тұрғандай диаметрі 50 сантиметрге жетеді. Сондай-ақ, оның құрамында 20 пайызға жуық ақуыз бар. Оны малға қорек ретінде және дәрілік мақсатта қолдануға болады.
Дәл осы «Павловния» ағашы Алматылық биолог ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Себебі, қалада 3 миллионға жуық ағаш болса, оның төрттен бірі жарамсыз немесе қартайып, құрт түскен. Осы ретте, Қытай мен Шығыс Азия, Еуропа мен Америка елдерінде құнды бақша мәдениеті ретінде өсірілетін бұл ағашты Алматыда отырғызу мәселесі қолға алына бастаған. Одан бөлек, бұл жасыл желек зиянкестер мен құрттарға да өте төзімді келеді. Енді қаланың жасыл қорын қалпына келтіріп, экологияны жақсартуда үміт – павловнияда дейді табиғат жанашырлары.
«Саябақтарда белгілі бір ағаш түрлерінің құрамын көбейту үшін егуге болады. Одан қалды, басқа кез келген ағашпен салыстырғанда «Павловния» ағашы – экологияны тазалауда көмірқышқыл газын өзіне өте жақсы сіңіреді. Ол ең бір бүгінгі күнгі басты мәселе осы бізде», – деді Ж. Жиембаев атындағы өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Меңдібаева.
Қазір жасыл желектің ерекше бұл түрі Алматыдағы Жазкен Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында ғана өсіп тұр. Онда 29 ағаш бар. Тағы 340 жас көшетке зерттеулер жүргізілуде. Егер, павловния мегаполистің саябақтарына отырғызылса, ауа біршама тазарып, қалаға көрік берер еді.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев,«Алматы» телеарнасы.
Наш сайт - http://www.almaty.tv/
Телеканал Алматы в социальных сетях:
1 канал Youtube - / almatyus
2 канал Youtube - / almatytvnews
Facebook RUS - / almaty.tv
Facebook KAZ - / almaty.tv.kaz
Twitter - / almaty_tv
instagram - / almaty.tv
Информация по комментариям в разработке