Мұсабекова Рахима Сәдуақасқызы. "Елім-ай"

Описание к видео Мұсабекова Рахима Сәдуақасқызы. "Елім-ай"

Мұсабекова Рахима Садуақасқызы 1919 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Әкесі Садуақас (Сәдіман) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі Әбдіғапар әмірдің туған бауыры. Сәдіманның өзі де көтеріліске белсене араласқаны туралы деректер естеліктер мен құжаттарда жиі кездеседі. Торғай өңіріне кеңес өкіметі орнаған уақытта Әбдіғапар әулеті қуғын-сүргінге ұшыраған уақытта Сәдіманда тұтқындалып, 1930 жылы ату жазасына кесілген. Он бір жасында жетім қалған Рахима Садуақасқызы балалар үйінде өседі. Бала күнінен өнерге құмартып өскен Рахима 1934 жылы Алматыда қазақтың тұңғыш опера театрының ашылуына байланысты ұйымдастырылған байқауға қатысып, жоғары баға алып, опера студиясына қабылданады. 1936 жылы театрдағы алғашқы ролі «Ер Тарғындағы» Жаңқаның бейнесін шығарды. Қайталанбас өзгеше диапозоны мен әншілік шеберлігі бар Рахиманы көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Ол ұзақ жылдар бойы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қызмет атқарып, әр жылдары Қамқа («Қыз Жібек»), Аналық («Біржан – Сара»), Джихан («Аршин-Мал-Алан»), Ғайни («Төлеген Тоқтаров») т.б. көптеген бейнелерді сомдады.
Рахима театрда қызмет ете жүріп өзінің өмірлік серігінде тауып, Әбітай Мұсабековке тұрмысқа шығады. Әбітай да, Рахима да Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі атағын алған.
Рахиманың орындауында жазылған әндер қатарында «Ағажан, Ләтипа», «Ләйлім шырақ», «Әйкен-ай», «Елім-ай», «Ахау, бикем», «Бес қарагер» әндері бар.
С. Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториясындағы «Елім-айды», «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек» көркемфильмдеріндегі жоқтауларды да орындаған – осы Рахима Мұсабекова.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке