Ер Көкше!

Описание к видео Ер Көкше!

Мұрын жырау.

ХХ ғасырдың "Гомері" атанған әлемде теңдесі жоқ " Қырымның қырық батыры" атты (Ноғайлы жырлары)циклдық мұраны кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен атақты Мұрын жырау (Тілеген) Сеңгірбекұлы еді.

Мұрын жырау өзін Нұрым Шыршығұлұлына таныстырған жырында айтылатын Маңғыстау ауданы,Бозашы түбегі,Иткелді деген жерде 1859 жылы дүниеге келген.Жыраудың өмірбаяны туралы өздеріңіз ізденіп біле жүрерсіздер.Мен ол кісінің Тіл, әдебиет (қазіргі М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты) институты жазған жауап хатқа берген тізімінде өзі білетін мұраларды тізейін:

1. "Қырымның қырық батыры" туралы әңгімелер мен жырлар;

2. Түрікменнің " Көрұғлы батыры" туралы жыр,әңгіме;

3. Араб елінің Рамуз патшасы, Ысырау патшасы туралы жыр, әңгіме;

4. Бұрын Маңғыстауды жайлаған "Жеті жұрт" туралы әңгіме;

5. Қазақтың (Адайдың) Маңғыстауды мекен етуі туралы;

6. Бәймембеттің ауасы ( елдің ауа көшуі, қоныс аударуы ) туралы, яғни Маңғыстау халқының патша үкіметінің отарлау саясатына көнбеуі, салық төлеуден бас тартуы, шаруалар көтерілісі туралы;

7. Адайдың Абылдан кейінгі атақты ақындары: Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы туралы әңгімелер.

Мұрын жыраудан жазылған " Қырымның қырық батыры" үш саладан тұрады:

1) Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары. Бұл он батырды қамтиды: Аңшыбай батыр, Парпария, Едіге, Құттықия, Нұрадын, Мұса хан, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази.

2) Қарадөң батыр және оның ұрпақтары. Бұл он батырды қамтиды: Қарадөң, Жұбаныш, Сүйініш, Ер Бегіс, Ер Тегіс, Ер Кегіс, Тама, Тана, Нәрік, Шора.

3) Жеке батырлар. Бұл салада жырау жиырма бір батырды жырлаған: Асан оның інісі Тоған, Асанның баласы Абат.Қарға бойлы және Қазтуған батыр.Өзге әңгімелерде, көне жырларда Қарғабойлы деген сөз батыр - жырау Қазтуғанның сипатындай бейнеленсе, Мұрын Қарғабойлы деген бір батыр, Қазтуған деген екінші батыр деп жырлаған. Көкше батыр және Көкшенің ұлы Ер Қосай, Ақжонасұлы Ер Кеңес, Манашы және Манашыұлы Тұяқбай, Жаңбыршы және Жаңбыршыұлы Телағыс, Айсаның ұлы Ахмет, Әмет батыр, Алау батыр, Шынтас батыр және Шынтасұлы Төрехан батыр.
Қыдырбайұлы Қобыланды, Сұлтан Керім, Қарт Қожақ, Құлыншақ. Жеке батырлар дегенмен, бұлардың көбі әкелі-балалы батырлар.

Сонымен қатар, жырау ұсталықпен айналысқан.Мұрынның атасы Айғыр, әкесі Сеңгірбек, немере ағасы Өмірбек, ағасы Төлеген - бәрі де өмір бойы ұсталық, зергерлік кәсіппен айналысқан. Атасы Айғыр өз дәуірінде жорық, жортуылды кезеңдердің қажетіне орай темір,найза, қылыш, жеке ауыз сияқты қарулар жасаған. Әкесі Сеңгірбек Мұрынды жас кезінен қасында ұстап,ұсталық, зергерлік өнерге баулыған. Тумысынан ән,жыр,күйге құмарта өскен Мұрын анасы Қалдыкөзден (Қалдықыз) ел аузындағы аңыз,әңгіме, ән - жырларды үйренген.

Мұрын Нұрым жыраумен бірнеше рет кездескен.Отыз екі жасында кездескен сапардан кейін қасына үш-төрт ай еріп, "Ала тайлы Аңшыбай ұрпақтары", "Қарадөң ұрпақтары " , және " Құлыншақ" , "Ақжонас" , " Ер Кеңес" , " Жаңбыршы" , " Оғыз батыр" сияқты жырларды, көптеген терме, толғауларды үйренеді.

"Жиырма төрт-жиырма бес жастарымда Қашағанға төрт-бес жыл жолдас болдым" , - дейді Мұрын.
- Қашағаннан: "Қыдырбайұлы Қобыланды" , "Шынтасұлы Төрехан" , "Әмет батыр" , "Алау батыр" , "Ер Көкше" "Ер Қосай" , "Асанқайғы" , "Абат батыр" , "Тоған батыр" , "Манашы батыр" , "Тұяқбай батыр" , "Айсаұлы Ахмет" , "Қарғабойлы Қазтуған" және түрікмен халқының "Көрұғлы батыр" дастанын үйрендім.Бұларды Қашаған Нұрымнан, Нұрым Абылдан, Абыл Сыпырадан тараған дейді екен.

Мұрын 1890 жылдарға дейін Атырау, Орта Азия аймағындағы көп жерді аралайды, бағзы өнерпаздар дағдысымен жыр айтып, Хиуа, Бұқара, Жиделі, Байсын, Ходжент, Нүкіс, Хожелі, Қоңырат, Байрамалы, Көне Үргеніш сияқты Орта азияның отыздан аса қалаларында болады. Орта Азия елдерінде халқымыздың қымбатты мұрасы " Қырық батырды" жырлап насихаттаса,сол өңірде кездескен жырау,жыршылардан туысқан халықтардың ерлік дастандарын, жыр-хикаяларын үйренеді...

(ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРЫҚ БАТЫРЫ) кітабынан.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке