Қапы, Қарақауақ сайына саяхат.

Описание к видео Қапы, Қарақауақ сайына саяхат.

Осы жолғы сенбілік саяxатымыз Солтүстік Ақтау жотасының айналысында өтті. Бұл жолы біз әдеттігі зерттеуімізден көрі, барлау және демалуға арнадық. Себебі бара жатқан жерімізбен алғаш рет танысуымыз болғандықтан, алдын-ала барлауды жөн көрдік. Оның үстіне көптен күткен сірне party шарасы тағы бар. Осыған орай, бір топ жігіттер болып өлкеміздің әсем табиғаты мен тылсым тариxи жерлерін көру үшін жолға шықтық. Бағытымыз Таушық елді-мекенінің маңындағы Солтүстік Ақтау тауының айналасы болды. Бұл жердегі Ақтау тауын Қапы немесе Құмаққапы деп аталатын сай екіге жарып өтеді. Оның батыс беті - Қауше, шығыс жақ беті - Емді (кейбір деректерде Ембі) таулары деп аталады. Қапы арқылы Таушықтан теңізге бар болғаны 11 шақырымды жүріп өтсең шыға келесің. Ал тас жолдан 30 шақырымдай жолды талап етеді. Сондықтан жол қысқарту мақсатында Қапының ішімен жүріп өтіп, сол жерлердегі таңбалы тасты, табиғи күпіні және Елбасқан деген жерлерді көріп, тариxымен таныстық. Теңізді деп отырғанымыз атақты Қошақ бұғазы және осында орналасқан Сартас теңіз айлағы. Бұл жердің тариxи маңыздылығын осындағы Сартас жағасы, Шытша құдығы, Әжі баба қорымы және Қарақауақ қалашығы дәлелдеп тұр. Бір кездегі Есбол Өмірбай ағамыз Қараған түбегі деп атаған жер нақ осы. Форт-Шевченко қаласы облыстың ірі теңіз айлағы болмас бұрын, осы Сартас айлағы теңіз байланысының орталығы болған. Осы бұғазды жағалай отырып, Емді тауын қақ жарып өтетін Қарақауақ сайына келдік. Бұл жердің маңызы аса зор. Себебі бұл жерде ежелгі қалашықтың орны тұр. Сайдың түбіне дейін барып, жолдың жағдайын барлап шықтық. Әрі қарай Ұсақ деп аталатын жерге келіп, осы жерге тұрақтап сірнемізді пісіруге кірісіп кеттік. Теңіз жағасы жайылма екен. Судың келіп кетуі анық байқалады. Сірнеге тойып алып, кешкі шайымызды ішіп, Қарасай сайы арқылы Қаламқас-Ақтау тас жолына шығып үй жаққа бет алдық. Жалпы Емді тауынан бір айналып өту 80 шақырымды құрады. Жолда сапарлас болған Ғалым ағамызға, Жұлдызбаев Думанға, Мұқанов Сұлтанға және қасында қанша рет сапарлас болса да, аспаздық өнер қырын көрсетпей келген өлкетанушы (бүгіннен бастап мен үшін мықты аспазшы) Бекболат Төлегенұлына дәмді сірне пісіргені мен өлке тариxын таныстырғаны үшін алғысым шексіз. Бар болыңдар жігіттер!
"Еліңді тану, жеріңді танудан басталады!" 15.08.2015

Комментарии

Информация по комментариям в разработке