ЖОРЫҚ ЖЫРАУЫ ҚАЛНИЯЗ БАТЫР - ҚОЖАЛАҚ БАТЫРҒА АЙТҚАНЫ

Описание к видео ЖОРЫҚ ЖЫРАУЫ ҚАЛНИЯЗ БАТЫР - ҚОЖАЛАҚ БАТЫРҒА АЙТҚАНЫ

ЖОРЫҚ ЖЫРАУЫ ҚАЛНИЯЗ БАТЫР ШОПЫҚҰЛЫ (1816-1902).

«ҚАЛНИЯЗ ЖЫРАУ - ҚОЖАЛАҚ БАТЫРҒА АЙТҚАНЫ»

Орындаған жыршы: Жары/Жетімек - Елдос ЕМІЛ

***

Бір жорықта жау алдынан шолғыншы болып кеткен Қырықмылтық/Орамал - Қарағұл батыр қапияда жау қолынан қаза табады. Соған күйініп кеткен Қырықмылтық/Нұрбаулы - Қожалақ батыр «Адай, енді өз күніңді өзің көре беріңдер» – деп ат басын артына қарай бұра береді. Сонда Қалнияз батыр Қожалақ батырдың алдына кесе көлденең тұра қалып толғапты:

Халқына мақтан Қожалақ
Жауына шапқан жағалап
Әруақты ердің сойы едің
Аржағың Сармыс, ер Жанақ,
Екі талай егесте
Жерің жоқ қалған қорғалап,
Осы сапар не болды
Атыңның басын бұрмалап?
Бір сен емес – Адай тұр
Қарағұлды азалап.
Ат ойнатып, әнеки,
Дұшпаның тұр мазалап;
Туын жықпай Асар тұр
Келсе де жау қамалап,
Келінберді, Құдайке
Өзіңе қарай сағалап,
Көріп тұрып осыны
Барасың қайда, Қожалақ?
Санаулы дәмі таусылса
Кімдерге тимес ажал-оқ.
Ажалсыз аман құтылар
Атса да дәлдеп сығалап.
Тәуекел етіп тайсалмау
Көңілді ерге жарасқан,
Қайрылмай кетпес қас батыр .
Тұрса да қаптап қара аспан,
Аман қалмас ажалдан
Нәсібе-дәмін тауысқан,
Сен – Адайдың қорғаны
Айбарың артық арыстан
Жүрегің берік құрыштан,
Аман шыққан ер едің
Талай соғыс-ұрыстан,
Ерлігің сенің кем бе еді
Кешегі Төлеп, Қармыстан?
Ағаларың бұрынғы
Есенғұлдың Есегі
Таутайлақпен алысқан,
Жезтырнаққа жабысқан.
Сармыс, Шотан, ер Жанақ
Қалмақ жаумен шабысқан,
Атағозы, ер Лабақ
Дұшпанды қуған қоныстан,
Дауымшар, Мыңбай, Құдабай
Патшаға қарсы ұрысқан.
Аржағың Адай ұранды
Сен соларға туысқан.
Атаға тартып ұл өсіп
Ерлігі саған жұғысқан;
Егесер жерге келгенде
Ер өлмейтін бе еді намыстан?
Лайық емес ерлерге
Дұшпанын көріп ығысқан.
Сен Адайдың сойылы
Жауды көрсе жасқанып
Жиылмаған айылы,
Ерлігіңді сөз қылған
Адай түгіл Байұлы,
Қазақтан асып баршаға
Қожалақ атың жайылды.
Жасақты жауға қалдырып
Бұрма, батыр, мойынды,
«Жәуміт қашты, біз қудық»
Салайық солай ойынды.
Ақ ордасы Адайдың
Үлкен үйім – Мұңалсың,
Батыр да өзің, пір де өзің
Ұлы жиын – құралсың,
Төрт Мұңалым тұрғанда
Басқасы келіп Адайдың
Қолынан қалай ту алсын?!!
Қарағұлдың қаны үшін,
Ағайынның ары үшін
Қожалақ тұрма, – қол баста
Артыңнан Адай шұбалсын.
Әруаққа сыйынып
Ұрандап жауға ат қойсаң
Келінберді, Құдайке
Ізіңе ертіп лап қойсаң!
Әруағың аспай ма?
Дұшпаның қорқып қашпай ма?
Ертең елге барғанда
Ерлігің хабар болғанда
Қалың елің жиналып
Алдыңнан шашу шашпай ма?..

Сонда Қожалақ батыр: «Осы жаудан қорқып артқа қашқан кісінің өзі кәпір, қатыны талақ. Ал аттаныңдар соңымнан» – деп жауға қарай қолды бастай жөнеліпті.

Комментарии

Информация по комментариям в разработке